Өлеңдер ✍️

  12.07.2022
  148


Автор: Ғали Орманов

МЕДЕУ ТЫНЫСЫ

Əлемнің өңкей жүйрігі
Жиналды біздің Медеуге.
Медеудің бекем иығы
Жарады бəрін демеуге.
Жүйріктер көрдім құсқа ұқсас,
Құйылса көзің ілеспес.
Жандарға достас, туыстас
Ұдайы болдым тілектес.
Есімде солар қалсын деп
Оралдым сонда неше рет.
Əсері əсте əлсіреп
Ескірер емес ол сурет:
Қанатша қағып қолдарын
Ұшады қыздар əуелі.
Содан соң қалпын аңғардым
Самғаған құстай əуеде.
Жазыла заулап аздан соң
Сілтейді құлаш алға кең.
Еркінше үдеп алған соң
Түседі тіпті көзге əрең.
Қарлығаш құстай шүйіліп
Шырқайды мұзда бауырлап.
Қараған жұртқа жиылып
Қызықты сол сəт тəуір-ақ!
Кейіндеп бірі, бірі озып,
Біресе қуып жеткендей.
Делебең соған тым қозып,
Жылынып денең кеткендей.
Бəрі де соның – қонағың
Бірінен бірі өткендей.
Елдесің бірақ озғанын
Тұрасың онша жек көрмей...
Тарайды солар айрылып,
Секілді қайтқан жыл құсы.
Қалады тауда жаңғырып
Бұлақпен бірге күлкісі.
Есінде жүрер солардың
Медеудің шуақ жылысы.
Сезінер, бəлкім, оны əркім
Секілді достық тынысы!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу