Өлеңдер ✍️

  12.07.2022
  94


Автор: Ғали Орманов

ЛЕНИН ТОЙЫ

Өзіңмен, достым, бірдеймін,
Тербейді ұлы мереке.
Құшамын күнін күнгейдің
Көңлімде қалмай көлеңке.
Жанымыз қайта жаралған
Жалыны қайтпас шағымыз.
Жасарып дала, бақ, орман
Жарылқап жатыр жазымыз.
Күреспен жетті біздің ел
Қуаныш толы бұл күнге.
Бастаған соған кемеңгер –
Борышкер халқым Ленинге.
Осыған жұртым жетсін деп
Қиынға салған өзін ол.
Қашан да алға жөн сілтеп
Көрінед əлі көзіңе ол.
Жеңімпаз жолы Лениннің
Аралап кетті жер бетін;
Байқасаң дүние өңірін
Табылмас қазір ел жетім.
Жаттайды оның ұлы атын
Алыстағы араб, негр де;
Досына балап ең жақын,
Қарайды сүйіп Ленинге.
Көктемгі күннің нұрындай
Жайылды жерге ойы оның.
Əлемнің ортақ жырындай
Шалқиды бүгін тойы оның.
Аңғарын адам таныса,
Тойында терең бар сырлар:
Жаңғырып жатыр алыста
Жалғасып бүкіл ғасырлар.
Əлемде тұтас жасалған
Азаттық, теңдік тойы бұл.
Жарқырап дəйім күн шалған
Жолдары түгел толы нұр.
Əрине, өзге тойлардай
Орнымен тарар бұл той да.
Ғасырларға аңыз болғандай
Қалдырар бірақ жұрт ойда.
Жырына балап аяулы,
Жадында сақтар ел оны.
Жарылқап бұл той талайды
Жақын қып өтер ел-елді!
Сөзіңе сыяр қай бірі
Сақталар есте сағаттар...
Туғандар қанша той жылы,
Жағылған қанша жаңа оттар!
Тартуы тойдың, əрине,
Көңілді ұзақ тербетер.
Қуанған соның бəріне,
Сыйғызар бəрін жүректер!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу