Өлеңдер ✍️

  12.07.2022
  127


Автор: Ғали Орманов

ТОЙ ТОЛҒАУЫ

Елуге келдің ержетіп,
Егделік бірақ жоқ сенде.
Көңілімді қатты тербетіп,
Қозғайсың қашан көрсем де.
Қалпыңнан сенің мəңгі жас
Халқымның көрем келбетін.
Қайраты құрыш сарқылмас
Ғажайып сен бір перзенті.
Өзім де болған ортаңда,
Ойыма өшпес от алып.
Өлеңдер тартқам Отанға
Ақының алғаш атанып.
Қаласа халқым, тартынбай
Қашан да болдың сен алда,
Қасқайып ылғи батырдай
Көріндің тұлға заманға.
Қырқыстың кеше майданда
Қып-қызыл жалын, от киіп.
Қаймықпай бастың тек алға,
Тұрса да түтеп оқ құйып.
Шықсаң да шырқау космосқа
Ерлікті дəйім таныттың.
Тараттың солай бар тұсқа
Дабысын туған халықтың...
Қажырлы сол бір қолыңмен
Қалайсың қыруар сарайды.
Өңірде түгел сен жүрген
Өмірлер қаулап қарайды.
Қара үзбей сенен комсомол,
Қуанам бірге мен соған.
Тартсаң да əлі қанша жол
Қартаю бірақ жоқ саған!
Өрісің жатыр қашықта,
Самғайсың соған талмастан.
Өмірің толы жастыққа
Өренге үзбей жалғасқан.
Тойыңа бүгін келгенде
Толғайын тынбай мен оны.
Толқисың жыр боп кеудемде
Лениннің ұлы өрені!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу