Өлеңдер ✍️

ЗАМАНДАС ТҰЛҒАСЫ
Тасқынға ширыққан жұрт, шығын тартып,
Өзінің сезгенде одан күшін артық,
Тапқандай жер тұтқасын қозғады бір
Кеудесін Алатаудың сықырлатып.
Дүлейдің жолын мəңгі бөгегелі
Шыңдарды не заманғы ұшырды атып.
Тау мен тау табысқандай жаңғырығып,
Бекітіп кең аңғарды қалды жатып...
Болғанмен тілге жеңіл, айтуға оңай,
Серпін бұл тосын вулкан атылғандай,
Сезесің соған кенет ой жіберсең,
Тартқанын тұлғасы ірі – халқың қандай!
Қасыңда қарапайым адамдар жүр,
Толғанса тауды жығар батырлардай.
Солардан табиғаттың мылқау күші
Тоқырап тұңғыш рет тартынғандай.
Суретім осы менің кеше көрген,
Еліміз қалай жедел өсе берген!
Қолында құз біткеннің кілті тұрған
Сөйлестім сыры терең неше ермен.
Жаратқан табиғатты қолдан қайта
Таңырқар осыларға өсер ерен...
Аттарын ешкім бірақ атаған жоқ,
Тұлғасын көрмесең тек осы өлеңнен!
Сатпайды атын бізде ешкім бұлдап.
Сақтайды өренге оны ісі бірақ.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter