Өлеңдер ✍️

  12.07.2022
  174


Автор: Ғали Орманов

ӨМІР – ШЕБЕР

Қимасым, жүзің қазір өзге тіпті,
Жыл қолы сонша қатты өзгертіпті,
Жас күнгі жаудыраған əсем көркің
Қинайды елестемей көзге тіпті.
Отырып кейде оңаша, ойласам да,
Қарасын көрсетпейді ол қашан да.
Қиырдан қараң етіп кетеді бір
Əлдекім саған ұқсас анда-санда.
Тым құрыса суретіңді түсірмеген,
Өкінем соған əлі ішімнен мен.
Жанары жаутаңдаған қайран жастық
Қайдағы болып кетті түсіммен тең...
Апыр-ай, шіркін өмір неткен шебер!
Ол құсап өзгертуге жетпес өнер.
Сездірмей, сірə осылай тартпас сызық
Ең шебер суретші де етпесе егер.
Сен оны көрмеген соң тым жақында,
Тұрғандай сезінесің бір қалпыңда.
Білмейсің қадамыңды қалмай өлшеп
Жүргенін көлеңкедей күнде артыңда.
Суретші ол өз ісіне əбден машық,
Өмірі құтылмайсың одан қашып.
Бетіңе білдірмей бір бедер тартып
Жатады күнде тіпті қойындасып.
Бетімнен мен де соның көрдім көбін,
Сонда да қалмайды одан көңілім менің.
Осынау ұзақ салған суретін ол
Тоқтатар біткен күні соңғы демің!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу