Өлеңдер ✍️

  12.07.2022
  127


Автор: Ғали Орманов

ТАУ ТАРТУЛАРЫ

Аспанға тіреу тауларым менің
Қашан да жұрттың аударды көңлін.
Шоқылар шырқау көтерген мұзды,
Күміспен мəңгі көмкерген құзды.
Аймалап шыңды құшады тұман,
Шарықтап сонда ұшады қыран.
Өреді төмен бұрқырап бұлақ,
Тамшысы сырғақ сықылды сынап.
Қапталда қалың қарағай, қайың
Секілді шашын тараған дəйім.
Көріксіз бояу көрмейсің солғын,
Шаңытсыз аспан көкпеңбек торғын
2
Алқапта алуан өседі жеміс,
Тамылжып жазда піседі тегіс:
Қып-қызыл моншақ алша мен алуа;
Аңқиды пісіп бақшаларда алма.
Жайлауы толы жайылған малға;
Баулары толы шырын мен балға.
Толқиды тола бөктерде егін,
Несібем осы көп терген менің.
Секілді таулар құтымыз біздің,
Сарқылмас мəңгі сусыны түздің.
Шоқылар сонау шаңқиған əппақ
Келеді соны салқында сақтап.
Желпісе самал шілдеде сені,
Жібекше жұмсақ тиеді демі.
Көрмейсің əсте қапырық ауа,
Сырқасаң ол да жақсы бір дауа.
Аңқыған əсем қымызын ішіп,
Шалқисың жазда қызығын құшып...
Бəрі де соның тартуы таудың,
Таусылмас сыйы мəңгіге, бауырым!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу