Өлеңдер ✍️

ОРТАҚ ҮЙ
Қалада сəулетті үйлер сап түзеген
Қаланды тұсымызда тек біздердің.
Құжыған құйттай үйлер арылғанын
Өренге түгел айтып жеткізер кім!..
Осынау зəулім үйлер жас адамға
Сезілер салынғандай бос алаңға.
Қалтиған қауашақтар қанша заман
Тұрғанын қайдан білсін осы арада!
Ендігі үй іргелі, ірі əрі шомбал,
Ел көркін танытады кəзір солар.
Өреннің ортақ өсер ұясындай
Еңселі, өркеш-өркеш, шоғар-шоғар.
Суы да тарайды оның бір шүмектен,
Шамының сабағы да бірге біткен.
Соның сен бейнесінен көргендейсің
Еліңді өмір сүрген бір тілекпен.
Оңаша үй өз басыма салсам егер,
Шеберлер төксе де оған қаншама өнер,
Тұруға құлазымай соған сыйып
Түрім жоқ, байқауымша, онша сенер!
Көп артық күнелткенім көппен бірге,
Талпынып тату-тəтті ертеңгіге,
Оңаша өзгелерден өмір сүру
Қара үзіп қалпымыздан кеткен мүлде.
Қуанам əсем үйге салған жаңа,
Құшағы күлкісі мəз толған бала.
Күй өрген күнде сенің көкірегің
Сиғандай тыныс тауып соған ғана!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter