Өлеңдер ✍️
АСТАНА ӨРКЕШІ
Сымбатыңды көрем де
Сүйсінемін, астанам.
Күнде толы өлеңге
Көкірегіңді аш маған.
Қанша аралап жүрсем де,
Көрінесің жас маған.
Күнде тосын көшеңе
Кірем аяқ баспаған.
Көрген сайын көркіңді
Қызығады жас балам.
Құдды өздері секілді
Қаулап өсе бастаған.
2
Аласа едің сен бұрын
Ағаштардан аспаған.
Аймалаған күн нұрын
Жапырақпен жасқаған.
Шымылдықша тоғайдан
Сығалаушы ең, астанам.
Тұрпатыңды ұлғайған
Жасырғандай басқадан...
Қабығыңды заманғы
Шағыңда бұл тастаған,
Жайнай кисең жаңаңды,
Қызықпас жан жоқ саған.
3
Көзіңе ұқсас көп əйнек,
Көрем тосын көркіңді.
Көз жіберсем соған кеп,
Түсіресің бөркімді.
Сегіз қабат үй өріп,
Шықты бойлап өркешің
Көзің содан тұр көріп
Алатаудың өлкесін.
Сенің бойың өскенге
Биіктеймін өзім де;
Таңертең де, кешке де
Жыр құясың сезімге.
4
Шымылдықтан шыққандай
Сыланасың, астанам.
Жəне бір сыр ұққандай
Жаңа есігіңді аш маған.
Не десе де өңгелер
Қарай алман бұған жай.
Биіктегі бөлмелер
Менің де ортақ ұямдай.
Көркейе бер Алматым,
Өркешіңе күнді орап.
Сəулетіндей аймақтың
Сол биіктен тұр қарап!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter