Өлеңдер ✍️
ЖЫР ТОЛҒАУЫ
Қарайсың күліп көзіме,
Не əкелдің екен Жыл маған?
Жылдарым келген кезінде
Төгіле талай жырлағам.
Жүрекке жылы өлеңдей
Тиесің, жылым, шын маған.
Жалыны қайтпас өрендей
Жанымды дəйім шыңдаған.
Көзіңнен көрем сəулеңді,
Шапағы жерді шырмаған.
Ғажайып қызық дəуренді
Секілді шерткен бұл маған.
Жарығың шалса болғаны,
Өзгені мен де сұраман.
Қаруым барда қолдағы
Есемнен ешбір құр қалман.
Кеудемде күнің күлімдеп,
Жанымда жазың жарқырар.
Түзімде көгің дүркіреп,
Бауырында бұлақ сарқырар.
Мөлтілдеп шыққан терімді
Моншаққа балап төгермін.
Береке иген жерімді
Белшеден ырысқа бөлермін.
Балқыған темір қызуын,
Арынын асау өзеннің,
Қажымас еңбек қызығын
Өзім де түгел сезермін?..
Халайық қалап оқыса
Ақынның сол бір өлеңін,
Саған да менің осынша
Тигені дермін көмегім.
Жаратса жұртым жырымды,
Жадына түймей нағылсын!
Өлеңде тұрған нұрыңды
Өзің де сонда танырсың
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter