Өлеңдер ✍️
ЖЫР ҚҰСЫ
Сезбесең өлең күшін жаның жүзіп,
Жүргенің қысыр сөзбен күн өткізіп;
Жалтаңдап жыр маңына бара алмайсың,
Тұрса да бір өзінде барлық қызық.
Шертесің басқаша бір онда сырды:
Мəз етіп əзіл сөзге жолдасыңды;
Бос тұрған босағада əңгелектей,
Жоқ жерге тығындайсың өз басыңды.
Боласың жиыншыл да, думаншыл да;
Барудан жалықпайсың бұған сірə.
Сыртқа тек сыр білдірмей сызыласың
Өлшеу жоқ секілденіп қуанышыңда.
Сен солай көрінгенмен құр құбылып,
Ішіңде жатады ылғи итің ұлып.
Өзіңе өзің селкеу көрінесің,
Жүрмін деп дүниеде не тындырып?
Болса да тамағың тоқ, ұйқың қанық,
Əлдене мазалайды тыншыңды алып.
Секілді өгей бала құлазисың,
Пендеге керегің жоқ сықылданып.
Тарынып жүрген көшең, жұтқан ауаң,
Таңырқап қарағандай күнде саған.
Өзіңді өлеңі жоқ, өгей сезу
Апыр-ай, дүниеде неткен жаман!
Ойлайсың нелер қиял, тынып іштен...
Асың да батпайды онша үйіңде ішкен.
Өлеңге асығыңдай езеурейсің,
Күтетін кездесер деп қай мүйістен.
Ұстатпай əурелейді ой ұшығы,
Өлеңнің шабыт жоқта сол қырсығы.
Кенет бір көрікті ойға тап келесің,
Көргендей көктемдегі жыл құсыңды.
Қонады көңілге кеп шабыт құсы,
Нұр толы өнебойы – жарық түсі.
Тұрғандай қанатынан өлең ұшып,
Қараса бар бітімін танып кісі...
Қолыңа қонғанда сол құсың күткен,
Кеңейіп кетеді тез дүние біткен.
Тарынбай балаңа да, жарыңа да
Қарайсың елжіреген шын жүрекпен.
Сезесің өзіңді əрі өзге жандай,
Бар отың маздайды бір жүрген жанбай
Өзгеден минутыңды қызғанасың,
Ойыңда анекдотқа орын қалмай!
Осылай шабыт құсы келгенде анық,
Кетесің оңашаға өзіңді алып.
Апыр-ай, ақын қайда жүр екен деп,
Сұрайды достарың да қайран қалып.
Жауапқа іркілмейді оған ақын:
–Таниды ақын жанын менің халқым!
Неғұрлым оңашарақ жазсам өлең,
Солғұрлым өздеріне болам жақын!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter