Өлеңдер ✍️

  11.07.2022
  170


Автор: Ғали Орманов

ШЕБЕР СЫРЫ

Қара тасқа жан беріп,
Қашайды əлі қарт шебер.
Отырады сол көріп,
Таста тыныс жатса егер.
Ойлы көзін жүгіртіп,
Қолы соған жанасса,
Сөйлейді тас тіл бітіп,
Сырлар шертіп тамаша.
Өлмес, өшпес өмірлер
Тастан бізге қарайды.
Ынтықсаңдар, көріңдер,
Қозғайды қарт талайды:
Тоқсан жасқа толса да,
Тынбайды əлі қолы оның.
Өлең-жырға соншама
Төңірегі толы оның.
Жүзіндегі əжімдер
Жүріп өткен ізіндей.
Жылдарына қазір де ол
Желі тартқан үзілмей.
Жанын еңбек жаңартса,
Адам неге шаршасын.
Не арманың бар, ағарса
Осылайша əр шашың!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу