Өлеңдер ✍️

  11.07.2022
  264


Автор: Ғали Орманов

ЕҢБЕК КҮНІ

Таңертең тартқан жұмысқа
Көремін жұртты күнде мен.
Секілді өрген құмырсқа,
Несібе теріп дүниеден.
Ертеңгі күннің сəулесі
Өңірді қандай шалса егер,
Осынау жұрттың зердесі
Өмірге сондай нұр төгер.
Солардың ақыл, ойымен
Табылар сырлар білмеген.
Солардың батыр қолымен
Тартылар жолдар жүрмеген.
Алдыңнан жайнап не қилы
Ашылар есік кірмеген.
Жамырап жастар оқиды
Сырласып тосын дүниемен.
Сарыла іздеп ғалымдар,
Самғайды ойға сан қилы.
Лебінде өшпес жалын бар
Жаңа бір əндер шалқиды.
Сарғая ұзақ отырып
Сырыңды жазған дəптердей,
Құшағын күндер толтырып
Қоймайды сыйын əкелмей.
Өздерін іспен тергейді
Колхозшы, ғалым, жұмысшы.
Бəрін де бірдей тербейді
Өмірдің ұлы тынысы...
Сенің де отың қаулайды,
Қуатың болса денеңде;
Жаныңды қатты баурайды
Жаңа бір жазар өлеңге!
Ежелден еңбек күні сол,
Жатпайды əсте жəй өтіп:
Еліңмен бірге сені де ол
Тастайды сонша байытып!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу