Өлеңдер ✍️

  11.07.2022
  344


Автор: Ғали Орманов

ҚОЙШЫ АУЫЛЫ

Асыда əсем жайлау Төрқарағай,
Көсіле жатыр алқап кең көк орай.
Биіктен сол суретке қарағалы
Қарағай қаптай тартқан өрге қарай.
Сай-сайда сансыз бұлақ күліп аққан,
Көзінде күн сəулесі күлім қаққан.
Сүйсініп өз көркіне өңір түгел,
Секілді қуанышпен күліп жатқан.
Жағалай қонған соған қойшы ауылы,
Тоғытып төңірегін көк шалғыны.
Желкеннен көл бетіндегі айнымайды
Кейде бір көз ұшынан шолсаң мұны.
Оларға таныс жылдың жел, дауылы,
Жел жақтың солардікі ең ауыры.
Солармен бірге көшіп, бір түнейді
Жайлаудың қалың нөсер, сел жауыны.
Өріске көз тастаймын оқтын-оқтын;
Секілді жайылған қой бейне толқын.
Қаптаған алды іркіліп, арты сиреп,
Қараймын суретіне əрбір топтың.
Қойшы анау көк шалғынға жүрген жүзіп
Өріске күн мен қойды бірге өргізіп.
Жалықпай табиғаттың сырын түйген
Өмірі секілді оның күнде қызық.
Түрі бар сонша жетік өз ісіне,
Қонады сөйлескенде сөзі ішіңе;
Шертеді ол: осы қойды жая-жая,
Жетерін коммунизм өрісіне!
Шыны сол, қойшылыққа қорлансын кім!
Тым қымбат көреді олар ол кəсібін.
Өзім де қаршадайдан қозы баққан
Солардың не бауыры, жолдасымын...
Ауылда көрдім жəне той-думанын,
Жел сөзге жеңіл-желпі ой бұрмадым.
Асыны алақанда əлдилеген
Балбырап тыңдай бердім Тойғұлы əнін.
Кейде бір төгілгенде əсем күй кеп,
Суырылып қыз, келіншек шықты түйдек;
Сағымша көк майсада толқыды олар,
Төңірек теңселгендей бірге билеп.
Көрдім мен өлеңін де, өнерін де
Шалқыған Төрқарағай кемеріне.
Жақсы бір өнегелер көрсетті жұрт,
Жайлауын жалғағандай келер күнге...
Сыр түйіп қойшылардан талай-талай,
Аттандым тауларына қарай-қарай.
Бұлт шалған биіктерде күн күркіреп,
Жалтылдап көз ұшында тұр нажағай.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу