Өлеңдер ✍️

  11.07.2022
  160


Автор: Ғали Орманов

ШЫНЖЫЛЫ ЖАҒАСЫНДА

Иір-иір арқандай
Арна тартқан Шынжылы.
Сол арнада жатқандай
Еліміздің мың жылы.
Шағын өзен болса да,
Шарлайды кең даланы.
Шырқайды алыс соншама
Шыңнан тартқан сабағы.
Сырға толы ғасырдай
Сүйінесің ағысқа.
Ел өмірі де осылай
Жалғасады алысқа...
Жағаласаң қыдырып,
Жайылымы сонша кең.
Шынжылыны сіміріп,
Қанар əлі қанша өрен!
Қойлар қызық суарған
Түбектерге толып кей.
Жиектерге жиналған
Шоғар-шоғар көбіктей.
Шопан інім, жер соны,
Тойынта бер қойыңды.
Өрісіңдей мал толы
Байыта бер ойымды!
Қой да сені шаршатпас
Құйқылжыған көк дөнен.
Көңілім қош, ойқастап,
Өргізейін мен де өлең!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу