Өлеңдер ✍️

  11.07.2022
  179


Автор: Ғали Орманов

ЕР МІНЕЗІ

Түнімен бізді тік тұрып
Төреше күтті Омарбек.
Тоңторыс өзін тұтса ұлық,
Осынша сыйлы болар ма ек?
Көрінер ме еді жаны оның
Өзіне солай үңілтпей?
Қомсынса келген қонағын,
Жіберер ме еді түңілтпей!
Əйгілі Еңбек Батыры
Бəлсініп əсте сазданбай,
Сырын да шертті сан түрлі,
Санаңа түгел жазғандай.
Абалап сыртта ит үрсе,
Аралап қайтты қойын да.
Көңілімді қозғап төтенше
Отырды бір сөз ойымда:
«Сеземін өзімді еркеңдей,
Төріңде жатсам көсіліп.
Елпілдеп күтсе ер сендей,
Құрметтің несі ерсілік!
Мəмлеміз қандай əдемі,
Не керек даңқы өзгенің!
Жарар ма, шіркін, кəдеңе,
Жаныңды жылытса сөздерім?!»
Айтпасам да ашып онымды,
Таныттым түгел қабақтан.
Сол бір сөз қандай қонымды
Шуағын үнсіз таратқан!
Мейірім төгіп мейманға
Жары да сонша тұр қылпып.
Қабағын шытып қай жанға,
Қарады дейсің кімге үркіп!
Аттандық ертең қош айтып,
Көңілде сақтап көздерін.
Жеткізбен бірақ қанша айтып
Сондағы жылы сөздерін...
Төңірек түгел жуынған
Түндегі қалың нөсерге.
Тозаңсыз əсем сол бір маң
Ұқсайды қандай осы ерге!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу