Өлеңдер ✍️
ДОПТЯН МУЗЕЙІ
Қалтарыс, шүңет түбекте,
Қараса ізін жұрт таппас,
Қашанғы ұқсап түнекке,
Тұнжырап ескі тұр қапас.
Меңіреу, жым-жырт түнерген
Тұрпаты көзге тым суық!..
Оныңды бұрын кім көрген,
Маңына барған кім жуық!
Əдейі соққан азапқа
Сол екен Доптян қапасы.
Түсіпті жандар тозаққа,
Жабылса шойын қақпасы.
Тоқымдай аспан болмаса,
Төңірек түгел тас қамал.
Басыңды жендет алмаса,
Табатын емес басқа ажал!
Көгерген, ылғал, қапырық,
Қараңғы, қыспақ бөлмелер.
Қайыспай сонда отырып,
Қаһарман талай өлген ер.
Құрсаулы бұғау, кісендер
Қозғалтпас, сонша зіл-батпан,
Тотымен қорып, көрсеңдер,
Секілді бірге қан қатқан...
Іліксе соған кім де кім,
Қанатсыз, құса, сорлы екен!..
Басыңнан өткен күндерің,
Румын халқы, сол ма екен?
Қапасқа толы сол сурет
Қашанғы сенің ізің бе?
Қалпында əлем көрсін деп,
Қалдырған тимей музейде?
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter