Өлеңдер ✍️

  11.07.2022
  155


Автор: Ғали Орманов

АҚЫН ҮНІ

Қоңылтақ, күні салқын қоңыр күзде,
Құлазып, бояу оңған солғын түзде.
Сарыла таң сəріден сапар тартқан
Салт атты жолаушы едік сол күн біз де.
Беттеген жыл құсындай жылы жаққа,
Шықпады оқу іздеп кім жыраққа?
Көлбеген көкжиекке қарай-қарай,
Қалбаңдап қанат қақтық күн ұзаққа.
Асыққан əужайың бар Алматыға,
Əзірсің, ат жараса, түн қатуға.
Қырқалар шұбатылған жолды қымтап,
Талай тау қабат-қабат қалды артыңда.
Арнасы мың иірілген баяу Быжы,
Бір мезгіл жағасында дем алғызды.
Сол тұста соңымыздан жетті біреу,
Əзірше таныс емес маған жүзі.
Жараған, жалы күміс, шабдар атты;
Түйе жүн, боз шекпенді, сұр папахты.
Қоңырқай, қыр мұрынды, кескіні ірі,
Жіңішке қара мұртты, құз қабақты.
Жігіттер кетті онымен шұрқырасып,
Жамырап жатыр бəрі жөн сұрасып,
Жасқаншақ балалығым жақындатпай,
Жаутаңдап шеткерірек тұрдым жасып.
Сұрады ол кенет мені қай бала деп,
Мен оны көзге ілер деп ойлағам жоқ,
Томпиған тон, шалбарлы тұрпатыма
Қарады күлімсіреп айнала кеп...
Деді тек Рахымға: «Көзі отты екен!»
Сол сөзі секілденді өзек шерткен,
Жетіліп қапелімде қалдым соған,
Дегендей; «еті тірі, өжет екен!»
Болса да бала, шіркін, қанша зерек,
Жылы леп жібітпей ме алса бөлеп.
Сол сөзге арқаланған адал сезім
Көңілімде ұзақ жылдар қалса керек.
Бетім сол – туған үйден тұңғыш шыққан
Мен онда білді дейсің кімді сырттан.
Жаныма кімнің сөзі жылы тисе,
Сол жақын көрінетін күллі жұрттан.
Айтты оның Рахымдар атын маған:
Осы деп Ілияс дейтін ақын ағаң.
Білмеймін, қуандым ба, ес көрдім бе,
Кеудемді сездім кенет қалтыраған...
Ілгері кеттік жүріп осы тұста,
Апыр-ай, сөзге Ілияс неткен ұста!
Атқа əсем отырысы, бет бітімі
Түп-түгел ұқсайды екен қыран құсқа.
Аяңдап қарсы белге шықтық таяу,
Жер жатыр құлақ түріп ұйқылы-ояу.
Келді ме тербеткісі ақын соны,
Толқытып əдемі əнін кетті баяу.
Қозғады ол əнмен бірге əр көңілді,
Елінде қалды ма екен əлдекімі?
Күрсіне көкірегінен төгеді өлең,
Келтірмей толғануға дəрменіңді.
Есімде сонда салған «Қалаулімі»,
Ұмытпас деп ойлаймын далам мұны,
Сол тұстан өткен сайын елеңдеймін,
Тұрғандай құлағымда аяулы үні!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу