file loc phone login_m arrow_left arrow_right author ca cat compl coms del down fav fav_del fav_m fav_m_del fb gp left like login mail od reply right search sort sort_down sort_m sort_up tw up view vk ya

  Өлеңдер ✍️

  11.07.2022
  145


Автор: Ғали Орманов

ДОС ТОЙЫНДА

Жамырап мөлдір өзені,
Қарсы алды бізді Харангон.
Тоғысқан бұл бір кезі еді
Қалаулы достар əр елден.
Асыға күткен бізді аңсап
Арада Мырза досымыз.
Жырына жылда қуансақ,
Тойында бүгін отырмыз.
Қуатты сөздің лебізі
Қиырға жетті Ғисардан.
Əкелді мұнда сол бізді
Асырып нелер асқардан.
Алыстан достар əкелген
Сыйлығын тартты əр қилы,
Өлеңге жүлде əперген,
Мейірге жаның балқиды.
Атақты өзбек ақыны
Кигізді ала шапанын.
Түйінін айтты ақыры:
– Жолы, – деп, – осы атамның.
Қоңырлап əсем күй төккен
Қомызын тартты қырғыздар:
– Тауыңда толғап бір шертсең,
Жаңғырар десіп шың-құздар.
Мырзаға мен де тапсырдым
Қырмызы шапан бөркімен.
Сүйсіне қарап аз тұрдым,
Қазақты көріп көркінен.
– Ат ерттеп, атан жетелеп
Жетуге, Мырза, жол алыс.
Алатау аса төтелеп
Əкелді мұнда болат құс.
Жабыла тігіп шеберлер
Тойыңа шапан жөнелтті.
Жамылсаң күнде мұны егер,
Сезерсің жылы жүректі!
Шапанды жауып Мырзаға,
Қондырдым кəмшат басына.
Тіледім тілек мен жəне
Қадырлі, қимас досыма:
– Жағасы жылда байыған
Секілді жомарт Дүйсембі,
Жұртыңа дəйім жайылған
Жарылқай берсін жыр сені!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу