file loc phone login_m arrow_left arrow_right author ca cat compl coms del down fav fav_del fav_m fav_m_del fb gp left like login mail od reply right search sort sort_down sort_m sort_up tw up view vk ya

  Өлеңдер ✍️

  11.07.2022
  193


Автор: Ғали Орманов

ӨРІСТЕГІ ӨМІР

Қалың құм жон етегін шөккен тірей
Жусаған түйелердің өркешіндей.
Бұйраты былқып жатқан өріс екен,
Түліктің төлдеп өсер өлкесіндей.
Томары төбе, төбе кепкен сүрдей,
Төскейде селеу, еркек бөрте ешкідей.
Жер екен шөбі шүйгін, берекелі,
Сыртынан түңілгенмен жұрт менсінбей.
Аралап сол өрісті жүрдім ұзақ;
Көргем жоқ аязында бір күн мұздап.
Тартпаса құлазыңқы үйренгенде,
Суреті тосын көзге тым қызық-ақ.
Шағылдар жатыр шөгіп жап-жалаңаш,
Талайы тоқырайып тұр жалаң бас.
Селдіреп кейбіріне бұта біткен,
Шалайдың1 сақалындай болар-болмас.
Қоймалжың қорабалы қойнау, түбек,
Семірген жер жіпсісе, бойдақ түлеп.
Шүйгіген сол соныға мал баласын
Айтуың екіталай тоймапты деп.
Қасында қой жайыстым Кемелбектің,
Көз тастап кей биіктен, өлеңдеттім.
Қыдырып қырқаларда кейде жаяу,
Қоянды бұғып жатқан елеңдеттім.
Танымас қойшы еңбегін өнер деп кім?
Кім көрмес игілігін ол еңбектің!
Өрістен солар жүрген өлең тердім,
Бірі емес бұл жүрісім көп ермектің.
Тотыққан көрдім талай қойшы жүзін,
Түрлері түріне ұқсас сол бір түздің;
Жел, жауын, жазғы аңызақ, қысқы суық
Салыпты өңдеріне түгел ізін.
Тілдесіп жер түгімен, түлік баққан,
Секілді содан күнде білім тапқан;
Олардан өрісті айтса жеңілесің,
Болсаң да қанша даңғыл, сен тіс қаққан!
...Қыздырып шопан үйін сексеуілге,
Отырдым ортасында кешке бірге.
Солардың түрлі əңгіме, қызығымен,
Келген жоқ қала мен үй еске мүлде.
Көрмейсің бірде-бір жан қажып талған,
Бала да – беттерінен қаны тамған.
Тып-тыныш түнде құммен қойындасып,
Өреді мал дегенде бəрі таңнан.
Солардың таттым құмда суын дəмді,
Кенелткен адам түгіл, дүйім малды.
Күн сайын мотор үнін гуілдетіп,
Науаға қотарады ел шыңырауды.
Болса да жауын-шашын бірге көрдім,
Меймандос сонша жылы жүрегі елдің.
Қылтылдап қызметің тұрмаса егер,
Келеді арасында жүре бергің...
Аттандым ақыры бір ашық күні,
Болған соң Күңгей, Үлек қашық құмы.
Жазылмай дəптерімде жатқан өлең
Түрткілеп бүйірімнен асықтырды.
Жабыла жарысты құм менен қалмай,
Пілге ұқсап жатыр кейі алдымды орай.
Ақыры, жазық жолға жеткенімде,
Іркіліп қалды тұрып қарай-қарай.
Кейде бір қоштасқанда көп төзе алмай,
Тұрмай ма көз ұшында жұрт тарамай.
Тұтасып бірте-бірте кетті құм да,
Қойнына көргенімді қымтағандай...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу