Өлеңдер ✍️
ШАЛКӨДЕ
Ленин колхозының председателі, қалаулы шопан Абдірахым Наурызбаевқа арнаймын.
Жан-жағын таулар қаусырып,
Төрінде жатыр Шалкөде.
Табиғат солай жасырып
Қойған ба, сірə, ертеде?
Қапталда қалың орманы
Секілді торғын шымылдық.
Төгілте сəндеп соларды
Шыңына қойған кім құрып?
Алқабы балғын кең жазық,
Көкорай шалғын төсеген.
Қыдырсаң – байтақ, бой жазып,
Тынықсаң – жұмсақ төсегің.
Ортада мөлдір көк өзен
Ағады жоны бүлкілдеп.
Қараймын ылғи соған мен
Қуаныш толы күлкі деп.
Шуаққа жүзген айналаң,
Шоғында сөнбес нұр сақтап,
Сəулетпен саған жайнаған
Қарайды гүлін құшақтап.
Құмары күннің Шалкөде,
Құшады ұзақ аймалап.
Телміріп қанша көрсе де,
Төнеді түнде ай қарап.
Өңірін сен де кезесің,
Малшымен дəйім сырласып.
Сөзінен ойын сезесің,
Секілді соған тым ғашық.
Қайрыла тұрып қарайды ол,
Қаптаған қойға толқынша,
Жайлауын сүймес қалай ол,
Дəулетке алдын толтырса!
Өзің де қалай өтерсің,
Сəулетке сол бір бұрылмай?
Қарай да қарай кетесің,
Көңілде сақтап жырыңдай!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter