Өлеңдер ✍️

  11.07.2022
  193


Автор: Ғали Орманов

КҮН ШҰҒЫЛАСЫ

Көріп пе ең Қарағандыда
Қаулаған қара тауды анық?
Жеті қат жерді алдыңа
Тастаған тектес аударып.
Қалғаны мұнша тау болса,
Қаншасын онда қопарған?
Еліңде күнде сол жанса,
Ойлашы, қанша от алған?
Көгінде дəйім маздаған
Қызуын күннің кім өлшер?
Жалынын ешкім жазбаған
Ұқсайды соған жұмыскер!
Шахтада көрдім соларды,
Қасында ұзақ бірге боп.
Көмірді қанша шығарды? –
Көзінше бірақ білгем жоқ...
Көбіне төне қарадым,
Көңілге сырын түйгелі.
Кенеліп талай оралдым,
Көргендей тосын дүниені.
Шыңырау, небір шалғайда
Төңкерген тауын байқадым.
Жалтылдап шамы маңдайда,
Жеңіспен көрдім қайтқанын.
Толғана шолдым тұлғасын,
Жұртыма сонша қымбатты:
Тереңнен күннің шұғыласын
Əкеле жатқан сияқты!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу