Өлеңдер ✍️

  11.07.2022
  101


Автор: Ғафу Қайырбеков

ƏЛИНАҒА ЕКІ ӨЛЕҢ

1
Үш жастағы Əлина –
Ол ортаншы немерем,
Сағынышты жанына
Жинағыш ед не деген!
Əке-шеше алысқа
Бір жетіге кеткенде, –
Ата-əже, таныс та,
Көзіне ілер жоқ пенде.
Өлеңі де, сөзі де
Солар болып əр сағат,
Түк құрлы да сезілмей
Тұрсақ тағы қоршалап.
Жан ауыртты біраз күн,
Түсінде де шақырып.
Таусылды əбден лажым,
Жұбатумен шарқ ұрып.
Олар үйге енгенде,
Жолдарынан айналып,
Шамасы жоқ лəм деуге,
Қалды тілі байланып.
Əшейіндегі «шешеннің»,
Кірпіктері шық ұстап,
Тамсанды да неше мың,
Бір күрсінді дұрыстап.
Əжесінің көзінен
Оңай жасы кетті ыршып.
Жүрек шіркін өзімен –
Өзі болып тыпыршып.
«Ойбайласаң табылмас,
Əке-шешеге айырбас», –
Дедім іштен мен-дағы,
Бұрынғылардың сөзі рас!
2
Беске толған күні, сен,
Салдың адам суретін.
Бұрындағы білуші ең
Бояулардың ретін,
Бірақ онда, мен білсем,
Ит пен мысық жүретін.
Сұрап едім «бұл кім» деп,
«Аташа!» деп тіл қаттың.
Өзіме өзім күлкім кеп,
Ұзақ қарап мен қаппын.
Мұрын қисық, көз қисық,
Үлкен басты, ши борбай,
Намыс билеп, сөз қысып,
Дегім келді: «қой, ойбай!»
Үндемедім, қатасын
Қайран басым жаңа ұқты.
Қожанасыр атасын
Айнытпастан салыпты.
Талай-талай талантты
Суретшіні көріп ем,
Бірақ мұндай ғажапты
Көрген жоқпын тегі мен.
Мəз болдым да ойландым,
(Уа, қандағы құдыретім!)
Талабыңнан айналдым,
Жақсы-ақ екен суретің.
Жақсы-ақ екен бүгін де
Етсін атаң сəл сабыр,
Сен саларсың түбінде
Портретімді ең тəуір!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу