Өлеңдер ✍️
ҚАРСЫ АЛУ ЖЫРЫ
Ассалаумағалейкүм!
Кел, кел, бауырым!
Сенікі мынау – жатқан
Өлкең, аулың!
Бір кезде оң қарамай,
Теріс қарап,
Көрсетсе өгейсітіп желке, жауырын!
Ол – оның кінəсі емес,
Заманы сұм.
Кездесті, болмады ғой амалы шын,
Туған жер, ата-баба, қара қоныс
Жаралған бұл дүниеде қазағы үшін.
Ал ашты көңіл сарай, жан қақпасын,
Енді ешкім бет қайтарып қол қақпасын.
Астына алтын толқын мұхитына
Құйыл сен көктен, жерден, қара тасқын!
Ол тасқын – қазақ тасқын, ұлт тасқыны,
Елімнің жұмырлығы, жұптастығы,
Тарихта тұңғыш рет ту көтеріп
Шыққан күн – еш қазақтың ұмытпас күні!
Көріскен, құшақтасқан, алып ұшқан,
Жүрекпен жүздерінен жалын ұшқан,
Балқиды Алматының ақ аспаны
Сарғайған сан заманғы сағыныштан!
Даусыңнан айналайын «бауырымдаған!»
Түспе-түс қандай ұқсас қаның маған,
Исіңнен айналайын бұрқыраған
Баяғы беріп кеткен қайран бабам!
Ал, кəне, беліңді шеш, деміңді бас,
Алдына тартылды бас, берілді ас,
Сары қымыз сапырулы, сапар кесе,
Жайылды ақ дастарқан елу құлаш.
Ашылды Алтай, Арқа, Атырау көк
Алатау «қайдан жүрсің, батыр-ау!» деп,
О, шіркін, өз алдыма күнім туса,
Бəріңді отыр едім шақырам, – деп
Жаңғырып жатыр жан-жақ думан-думен,
Бас қосқан бақытты сəт – туған күнмен.
– Дариға, тіршіліктің рақаты-ай! – деп,
Бауырлар, шетсіз-шексіз қуандым – мен.
Кел қазақ, емін-еркін кеш əлемді,
Қабыл ал құттықтау мен көп сəлемді,
Қабыл ал тебіренген ақын жаннан
Құйылған мына тұста осы өлеңді!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter