Өлеңдер ✍️
ЖАҢА АРҚАҒА СƏЛЕМ
Қашаннан жер сұлтаны – Алтын бесік,
Жаңа Арқа, аманбысың, халің нешік?
Ер өлсе, жер де сорлы – жесір əйел,
Қалады кіріп, шығар жалғыз есік.
Сəкеннен айрылған күн саған батқан,
Жиырылдың жеті қабат жаманаттан.
Сол күні су тартылып, таулар шөкті,
Айрылып алла берген аманаттан.
Аманат Сəкен еді алған жұрты,
Алла емес, оны бірақ адам құртты.
Жоқ, шыны – адам қолымен заман құртты,
Заманы өзі орнатқан басын жұтты.
Тарихта болған емес мұндай сұмдық,
Өзіне өз баласы салған құрық.
Белгілі оның аты «советстан»
«Тар жол, тайғақ кешуден» алған сыйлық.
Жаңа Арқа, сен білесің соның бəрін,
Айрылған ақ Сəкеннен сорың қалың.
Туғызып арыстанды нең бар еді,
Мың итке білгеннен соң жолығарын?
Алайда айта алмайсың тағдырға өкпе,
Өкпе айтып, бақытыңды басқа теппе.
Қазақтың алақандай бір ауылын
Шығарған Сəкенің ғой аспан-көкке!
Атыңды «Жаңа Арқа» деп жаңғыртқан да,
Сол еді жер түбінен алдыртқан да.
Өзіне бір өлкенің атын беріп
Мəңгілік дуалы ауыз дарытқан да.
Бүгін де Сəкен атын алып ұшты,
Елдігің, кісілігің қаны күшті.
Сол атпен тағы қайта бір тірілді,
Сарғайған Сары-Арқаның сағынышы!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter