Өлеңдер ✍️
Шақырдың сен...
Шақырдың Сен.
Мəз боп қалдым мен соған
Баяғыдан сөзім еді аңсаған.
Ол шақыру жетті маған, кезімде
Алпыс асып, азын-аулақ шаршаған.
Əлі есімде... Тойы еді Бердақтың,
Қандас бауыр Қарақалпақ – ардақтың
Құшағында сайран салып жүрдік біз
Қос перзенті қырғыз бенен қазақтың.
Туған жердің таңдап алған мүлкінен,
Баста бөркің, алтайы қызыл түлкіден.
Қыс еді ол, жаңа жауған қардан соң
Қолың сенің сол бөрікті сілкіген.
Жаңа бөрік одан сайын жаңарды...
Тебірендім мен сілкіп санамды.
Сен ол сəтте есіңе алдың тауыңды,
Мен ол сəтте ойлап тұрдым даламды.
Əлі есімде... Тойы еді Мырзоның
Тағы түсті сеніменен бір жолым.
Айлы кеште айтып едің сен маған,
Біздің елде ненің барын, не жоғын.
– Тарихыңның етек-жеңін жазып көр,
Таулар... Таулар... Анау жалпақ жазық бел.
Адам тауын қадірлеуге келгенде,
Жеткізбейді бізге, – дедің, – тəжіктер.
Ескерткіштер құжынаған мынау бақ –
Хожа Хафиз, Омар һаям жыр аулап.
Рудаки, Əбу-Əли Синамен
Тұр əнекей тұл бойынан нұр қаулап.
Соққан анау мəрмəр тастан түсі аппақ,
Əбілқасым Лахутийге түс аттап,
Ортасында Душанбенің Мирзо тұр
Жалғыз өзі бүтін тауды құшақтап, –
Дедің дағы, қарадың сен маған көп,
Əлде не бір өкінішке алаң боп.
– Ал мен болсам, Тоқтағұлды іздеймін
Ал сен болсаң, тіпті іздейтін ағаң көп.
Кіп-кішкентай ел ғой мынау – байқасаң,
Сенде жатыр байтақ дала, байлық сан.
Ғасырлардан қалған мұнда дəстүр бар,
Қарасаң да көрінетін қай тұстан! –
Дедің, мені құшақтадың дала боп,
Көкірегімде маған ыстық жанады от,
Мен де тұрдым қалың ойға шомылып,
Сен тұрғанда жұқа ойлауға шама жоқ.
...Сен шақырдың, Тоқтағұлдың тойына,
Тағы да бір кірді тасқын бойыма,
Мен барамын дана туған Ауылға
Мен барамын ақындардың Сойына.
Сонда үш елдің данасымен жолығып,
Мен қайтармын қуанышқа шомылып.
Сен тұрарсың биіктерден көрініп,
Маңдайыңа түлкі бөркің төгіліп.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter