Өлеңдер ✍️

  11.07.2022
  248


Автор: Ғафу Қайырбеков

Қызыл талша – қыз Раушан

Алтын үкі былғақтап,
Былғақтаса, күй қаптап,
Ақ саусағы бұлдырап,
Ақ моншағы сылдырап,
Қара көзі мөлдіреп,
Кекіл шашы желбіреп,
Қыпша белі бұралып,
Қиғаш қасы – бір əліп,
Қыз Раушан – қызыл тал,
Өзі сері, өзі сал,
Ықыластың күйлерін
Қар суындай жүлгенің
Жүйкіткенде, жүйенің
Бəрі босап, балқыды-ау,
Шабыт шіркін шалқыды-ау!
Көздің алды – көк аспан,
Көк аспанға ұласқан,
Ақша бұлттай зымырап,
Етек-жеңін жиып ап,
Күй көшеді шалғайға,
Шақыра ма, арбай ма,
Еңірей ме, жылай ма,
Шағым айтып құдайға,
Боз інгендей боздай ма,
Қоңыр қойдай қоздай ма,
Шаншыла ма сүңгідей,
Қанды жорық күнгідей,
Бір күйден соң бір күйге
Үйрек саусақ сүңги ме,
Қайта көктем оралып,
Жер жібекке оранып,
Ояна ма махаббат,
От сезімдер анталап,
Сонда мына қызыл тал –
Бірде қымыз, бірде бал
Жұтқыза ма көмейге,
Біз секілді кедейге!
Қызыл талша – қыз Раушан,
Бұл дүниеде сен болсаң, –
Қобыз болса, күй болса,
Хақтан келген сый болса,
Қайран баба Ықылас
Өлмейтіні ып-ырас.
Қыз – өріс те, ұл – мирас.
Əулет жолы қып-қиғаш,
Алысқан қол айтқан серт –
Дүние деген бір концерт,
Мəз боламыз – боп аң-таң,
Көп соғамыз алақан,
Өмір көшсе алаңсыз,
Ақырғы рет бір шолып,
Сонда біздер қалармыз,
Қол емес-ау сан соғып...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу