Өлеңдер ✍️

  11.07.2022
  130


Автор: Ғафу Қайырбеков

БАРМАҚ ШАЙНАУ

Көне сөзі қазақтың
Жəне көне кəсібі,
Өтті осылай азап күн,
Күн емес-ау, ғасыры.
«Бармақ шайнау» – сөз біту,
Лаж, амал таусылу.
Көрейін десең – көз біту,
Қасірет-тұман қаусыру.
Қайран біздің ерлер-ай,
«Халқым» деп ішке қан қатқан,
Нелер жылдар, нелер ай
Жол тоздырып, шаң қапқан.
«Бермеймін»! деп жерімді,
Қанымен шөп суарған.
Əр жотада көмулі
Сүйектері қуарған.
Сол жерлерді жат табан
Кейін талай таптаған,
Құрып кете жаздаған,
Құдай өзі сақтаған.
Халықпыз қой, кеңдіктен
Жаратпаған олқы ғып,
Саның, жаның кемдіктен,
Өзгемен жер толтырып.
«Шыға ғой» деп айта алмай,
«Кете ғой» деп тағы айтпай,
«Дос» көңілін қайтармай,
«Қас» жүрегін қарайтпай.
Аңдуменен жан-жақты,
Отының – су, отың – мұз,
Сол бір сорлы бармақты
Тағы шайнап отырмыз




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу