Өлеңдер ✍️
ДҮРСІЛДЕСІН ТУҒАН ЖЕРДІҢ ЖҮРЕГІ
Жапырақтар – көктем тілі сөз алып,
Аспан шайдай, көңіл айдай тазарып,
Жас күлкімен жаңғырады астана,
Біз келеміз алаңменен қозғалып.
Біз келеміз Жақсылықтың жолымен,
Баршылықтың, Молшылықтың қолымен,
Біз жаңадан өркендетіп Отанды,
Жарқыраймыз Ақиқаттың төрінен.
Шар болаттай шаң-тозаңнан арылып,
Адал сөйлеп, ағымыздан жарылып,
Арды – арға, барды – барға қосамыз,
Қасиетті Ленин туын жамылып.
Бағыт айқын, алда жетер шыңы бар,
Бүгін халық шындықпенен шынығар.
Шынығар да, шығар самғап биікке,
Ер еңбектің алаңында тынығар.
Мынау Майдай басталды Отан жастығы,
Халық күші, жігерінің тасқыны,
Сан жеңісті шығар алып жорықта
Туымызда – Халықтардың достығы.
Революция жалғасады күш алып,
Партияның сөзі айқын, ісі анық.
Біз солайша қиындардан асамыз,
Біздің адым көрген емес тұсалып.
Жердің жүзін Май жасартса мақтанып,
Елдің жүзін Ер жасартар баптанып.
Асыл арман, үлкен Үміт жолымен
Біз барамыз болашаққа аттанып.
Ел – сарқылмас қуат, қайрат бұлағы,
Тағы тасып, кең арнаға шығады.
Сонда əкелер жалауына қол созар
Туған Отан жас өркені, ұланы!
Əне, бізге əлем көзін тоқтатты,
Дүниеде Бейбіт күннен жоқ тəтті!
Дүрсілдесіп туған жердің жүрегі
Бас аяқты, барабанды соқ қатты!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter