Өлеңдер ✍️

  10.07.2022
  93


Автор: Ғафу Қайырбеков

ХАЛЫҚ ҚАЛАСЫ

(Киевтің 1500 жылдығына)
Тарихтың дəл өзіндей көнесің сен,
Сан өліп, сан тіріліп келесің сен
Саған жоқ енді қайтып сөну деген –
Отанның құдіретіне сенесің сен!
Сен десе – еске түсер он бес ғасыр,
Басыңнан өтіп кеткен талай тасыр.
Соларды көрмегендей жайнайсың сен,
Далиған далаң жасыл, жағаң жасыл.
Қап-қара қара ормандар қаулап бəрі,
Сен жайлы аңыз айтып, сан мақтады.
Не заман ақ тасыңды жуып-шайып,
Толқынын қарт Днепр аунатқалы.
Көшесін Крещатик араладым,
Бір кезде менің бауыр-ағаларым
Жабысып, əр тасына омырау төсеп,
Қорғаған қиып беріп саған жанын.
Тарихсың ешкім айтып тауыспаған,
Тарастан қасиетің таныс маған.
Қартындай баяғының бауырмалсың,
Жасындай бүгінгінің қол ұстаған.
Сəлемшіл кездесудің сəтін күткен,
Ерекше ескі достай жақындықпен
Əр кезде бара қалсам үйімдейсің,
Есіркер еркелесем ақындықпен.
Жетеді қандай теңеу ойлап тапсам,
Шап-шағын атқан оқтай атың шапшаң.
Сен маған Украинның қолындайсың
Тарихтың кітабына бір-ақ тартқан!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу