file loc phone login_m arrow_left arrow_right author ca cat compl coms del down fav fav_del fav_m fav_m_del fb gp left like login mail od reply right search sort sort_down sort_m sort_up tw up view vk ya

  Өлеңдер ✍️

  09.07.2022
  187


Автор: Ғафу Қайырбеков

СƏБИТ МҰҚАНОВ

Алтайдан Атырауға аты кеткен,
Арқадан Алатауға даңқы жеткен.
Мен ондай кең туысты көргенім жоқ,
Баурына бар қазақты тартып өткен.
Сол еді ұлт əкесі, ел ағасы,
Тағдырда артық туған сыбағасы.
Тұр əне туған жердің жүрегінде,
Маржаннан соққан биік мұнарасы.
Қазақтың жиырмасыншы ғасырдағы,
Мақтаны, аяулысы, асыл жаны –
Əр он жыл өткен сайын қадірі оның,
Ақиқат өсіп, жайнап ашылмағы.
Қалған біз өлімінен есеңгіреп,
Шаршаймыз сөз айта алмай шешенірек.
Мезгілдің жемісіне мəз боламыз,
Ұмытып бүгін кімбіз, кеше кім ек?
Əйтпесе бар күрестің басын кешкен,
Қар-боран, қара дауыл қасында өскен.
Бір өзі бір дəуірді бастап берген,
Мүмкін бе шығаруың асылды естен!
Жазушы, ғалым да сол, қайраткер де, –
Ұстаз да, ақылшы да талапты ерге,
Айбын да, ие де өзі бəрімізге,
Кескінін көретұғын қарап төрге.
Қалмаған халық десе қу жанды аяп,
Арқаңда сүйенетін шың бардай-ақ –
Қуанып кететінбіз «Сəбең» десе –
Əкеңнің атын естіп тұрғандай-ақ.
Жалғанда жалғыз өзі – бəрі де өзі,
Құрбы да, жас та өзі – кəрі де өзі.
Бəрінің тілін білген шебер еді,
Даладан айнымаған бар мінезі.
Малшы да, егінші де, балықшы да,
Қарсы алған қолда барын алып шыға.
Халықты көтерген де Сəбең болса,
Сəбеңді көтерген де халық шығар.
«Əулием, шапағатыңнан ырым ет!» – деп,
Алғанда өңірінен жыртып ептеп.
Сəбеңе шапан «жалко» болмайтұғын,
Жатқанда осыншама жұрт құрметтен.
Біреулер «бісміллə» айтып сипап қойып,
Біреулер көргеніне сырттан тойып.
Біреулер «Сəбең келе жатыр» десе,
Ат сойып, айдалада атан сойып,
Түсетін қайран елі-ай əбігерге,
Шашылып салтанаты, сəнімен де, –
Аянып дəулетінен ел неғылсын –
Өзі де бергеннен соң барын елге!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу