Өлеңдер ✍️
ҒАБИТ МҮСІРЕПОВ
«Басында азат күнің, еркің барда,
Барып қайт бауыр жазып Елтінжалға.
Елтінжал еркелетіп, қарсы алмаса,
Маған кел, көңіл суып, көп қиналма!» –
Деп еді баяғыда Ғабең маған,
Кісі ғой дүние сырын көп аңдаған.
Жабығып əр нəрседен, байқады ма,
Кезімді ақыл іздеп, алаңдаған.
Елтінжал – солтүстіктің орманы екен,
Баратын оған жалғыз жол бар екен, –
Əрі алыс, əрі жақын сонау жолдың,
Жүрсем деп қай жағынан ойға кетем.
– Бардың ба? – деді талай жыл озғасын,
Міндің бе, – деді, – астыңа боз жорғасын?
Көрдің бе, – деді, – нардай от ағасын?
Кездің бе, – деді, – жұпар көл жағасын?
Бақтың ба, – деді, – батпас ұзақ кешін?
Тұрды ма айға тосып қыз ақ төсін?
Жүрді ме сұңқар жігіт болып серік? –
Ақынды кім жатырқап, кім жат көрсін!
Сұрақты солай жайлап беріп болып,
Қарады кескініме үнсіз шолып.
Мен бірақ еш бір жауап айта алмадым,
Жаутаңдап екі көзім, жағым солып.
«Ну!» – деді ол, – е, балақай... – Ну, онда сен,
Жүгіңді ертең сəске бу онда сен.
Надеюсь, жаңағыдай жаутаң қағып,
Қалмассың жауап таппай бұған да сен!
Біз тарттық... тарттық содан түу алысқа,
Бақытқа, байлық, дəулет, қуанышқа.
«Қос қанат құсқа біткен бізге бітіп»,
Зауладық Ғабең аулы тұрған тұсқа.
Елтінжал сағыныпты ерке құсын,
Баяғы бала күнгі ертегісін.
Əр қайың кезек-кезек айтысумен,
Ұйқысыз жалғастырды ертеңгісін.
Туған жер бар қызығын үнін-төгіп,
Босатпай құшағынан сүйіп те өбіп.
Əп-сəтте шыға келдік қайта туып,
Су жаңа сүгіреттей жігіт болып...
Құр кеуде басқанменен «білемінге»,
Көп жайды біз ұғамыз жүре-жүре.
Бақсам мен – Елтінжалға баратын жол,
Ғабеңнің жатыр екен жүрегінде!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter