Өлеңдер ✍️
МҰҒАЛІМДЕР БАҒЫ
Менің ақын қиялым,
Кетер алыс кейде бір.
Достарымды жиямын,
Оңашалау жерге бір.
«Балалықты еске алып,
Күрес салып, алысып.
Жаяу жарыс басталып,
Балтыр түріп жарысып,
Алайықшы!» – деймін мен,
«Əйдə!» – дейді сонда олар.
Босқа өтетін кей күннен,
Бір сағатың оң болар!
Əбден аунақ салысып,
Сарқып ойын-күлісті.
Адамдыққа ауысып,
Тағы ойлаймын бір істі.
«Ауа мынау, қыр гүлдің,
Қашан қамын жейміз біз?
Шыбық шаншып бір-бірден,
Бақ орнатсақ! – дейміз біз.
Орындаймыз оны да,
Үш жыл, бес жыл өткенде.
Тақыр жердің орнында,
Бақ тұрады көктемде.
Мұғалімдер көп мақтап –
Ағайлар мен апайлар,
Біздің еккен бұл баққа,
Бəрі-бəрі ат ойлар!
Келіспейді «қой-қойлап»,
«Басқа, тағы, тағы» – деп.
Біз табамыз тез ойлап:
«Мұғалімдер бағы!» – деп.
Болады олар тым-тырыс,
Баспайды енді «кеу-кеуге».
«Ат екен бұл дұп-дұрыс,
Рахмет сендерге!»
Алғыс алып тарқаймыз,
Ат қалады мəңгілік.
Жап-жасыл боп жаздай-қыс,
Бақ қалады жаңғырып.
Соған қонған құстаймыз
Бұтақтарын сағына.
Өзіміз де ұқсаймыз
«Мұғалімдер бағына!»
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter