Өлеңдер ✍️

  27.06.2022
  113


Автор: Марфуға Айтқожина

КЕТЕР ҰШЫП

Сезімді сиқырлайды сұлу сағым,
Сеземін, ешкімде жоқ сырың-сəнің!
Сүңгіген сағымына Сайрамкөлде,
Жалынан жел еседі,
Құлын шағым!..
Арасында бұлыңғыр сағымдардың,
Тірі жүрсем мен талай ағындармын.
Күзгі сарғыш айналды жапыраққа,
Өзек қарып,
Өзіңді сағынған күн!..
Қалдырған құлын күнді Құлжа қайда,
Елесі келер ме екен, бұл маңайға?!.
Жаудырап қос жанары,
Жан толқындап,
Ақын тұр,
Тұла бойы тұнған ойға...
Кей сəттер кеткеніммен сезімге еріп,
Кескінің көз алдымда сенің берік!
Мың күнді армандаумен өткіземін,
Бір күнді өткерсем деп,
Көзім көріп...
Шоламын шыңдарыңды қиялменен,
Қиялсыз,
Қиналмасаң, туар ма өлең?!.
Аңсаумен туған жерді өтіп пе ең деп,
Бəлкім ол дүниеде де сұрар менен.
Көрдік сан көкжалды да, түлкіні де,
Жете алмай жүрген қанша, бұл күніме...
Жер – Ана, құшағына мен де енермін,
Ілдіріп қасіретті кірпігіме...
Халқыммен тауқыметті көтерісіп,
Жүргем жоқ уыңды мен бекер ішіп...
Бір сəттік ғұмыр ғой бұл алпарысқан,
Жалт беріп, жанарыңнан кетер ұшып!..




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу