Өлеңдер ✍️

  27.06.2022
  165


Автор: Марфуға Айтқожина

БАУЫРЛАР-АЙ!

«Қыранның» толқындаған күшті ағынын,
Жеткізген əніменен –
Ысмағұлым!..
Апарар Алтайға да ақын қыздың,
Бұлбұлдай сағынышы ұшса бүгін.
Балаушы ең маралына кең даланың,
Айықпай көңілдегі келді алаңым.
Бəрің де туған елге аттанасың,
Жанарым жасқа тұнып,
Мен қаламын!..
Шетіңнен өнерлі де, жайсаңсыңдар,
Еліме менен сəлем,
Айтарсыңдар!..
Есіне ала жүрсін, елмен бірге,
Сыңсыған самырсын мен
Қайсар шыңдар!..
Қыранның жыр тоғытып толқынына,
Көңілім босады ма,
Толқыды ма?!.
Əуелеп ұшқан ерке, ақша бұлттар,
Ала кет,
Қысып мені қолтығыңа!..
Бəрі бір, мен жайында айтады жұрт,
Сенеді ақынына,
Артады үміт!
Айдынға оралсаңдар,
Аққу-қаздар,
Мойныңа таға кетші, алқа ғылып...
Қайырмасы:
Бауырлар, айналайын, бауырлар-ай,
Көңілім басылар ма, дауылдамай!
Сендермен қоштасарда қимастықтан,
Жүректің сонша жүдеп, ауырғаны-ай,
Бауырлар, айналайын, бауырлар-ай!..




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу