Өлеңдер ✍️

  27.06.2022
  144


Автор: Марфуға Айтқожина

Қабағынан арайлы таң атырып...

Қабағынан арайлы таң атырып,
Ой асырған жан қанша, дара-тұнық.
Көп жасаған не пайда пысықтардан,
Болмаған соң,
О баста сана тұнық...
Бəсекемен жүрген көп, бақ асырып,
Дегеніне жеткенше аласұрып.
Шіренеді, үзеңгі алты қабат,
Əкесі зор немесе
Анасы ұлық!..
Адамдайын адасқан айдалада,
Үмітпенен қараймын айналаға.
Біреу жүйткіп жүйрікпен,
Біреу жаяу,
Дүлей дүние,
Жүрекке қайғы орама.
Амал таппай біреулер теңселуде,
Көңіл нəзік,
Көңілді өлше гүлге.
Біреулердің пиғылы тіпті жаман,
Не болады,
Жамандық жеңсе мүлде?!.
Сары уайым, сенбеймін байбаламға,
Бəрі де бар, жетеді,
Бай даламда!
Жерім еміп тұрғанда – елім де бай,
Сабыр етем,
Əріден ойланам да!..
Осылайша өзімді жұбаттым мен,
Ой кеміріп, ортаймас қуат мүлдем.
Қара бұлтты барады жел ысырып,
Сəуле түссін санаға,
Шуақ күннен!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу