Өлеңдер ✍️

  27.06.2022
  120


Автор: Марфуға Айтқожина

ОТАУЫМДЫ БИІККЕ, ШЫҢҒА ТІГЕМ!

Балқымайды көңілдің күйіне кім,
Кімдер жетер түбіне дүниенің.
Пенделердің біреуі болғаннан соң,
Қуанам,
Қызығамын,
Күйінемін!..
Серілік,
Сергек жүру
Желік пе екен,
Бұйырған несібемді теріп кетем.
Адамға сыйластықтан асқан не бар,
Сыйластық өміріңді көрікті етер,
Соңына сұм жалғанның еріп бекер...
Біреулер қанында бар текті білем,
Біреулер кесірленіп тепті кілең.
Арқамда асқар тауым –
Ел тұрғанда,
Кім мені ығыстырар
Көптігімен?!
Бар болмысы,
Тартатын тұлғасымен,
Табиғаттың өзіне шын ғашық ем.
Халқым менің көтерсе биігіне,
Отауымды мен де енді
Шыңға тігем!..




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу