Өлеңдер ✍️

  22.06.2022
  187


Автор: Сағи Жиенбаев

ҚҰДІРЕТ

Белде қалқып күрең шапақ күн нұры,
Желдей аңқып шешек атқан қыр гүлі...
Ойда жоқта,
көк аспаннан түскендей,
Ел ішіне Ақын келді бір күні.
Оны көптен білетін жұрт әрине,
Оның атын жаттататын сәбиге.
Оның өзі білмесе де,
ол аттас
Бір бүлдіршін талпынатын әр үйде.
Ел қуанса, ақын жырын жырлайтын,
Кең дала оны өз үнім деп тыңдайтын.
Ақ періште секілді бір,
әркім-ақ
Жерді басып жүр деуге оны қимайтын.
Бәрі соны көрсем дейтін бір рет...
Келеді бүгін мінеки сол- құдірет.
Білмейді жұрт сенерін де сенбесін,
Құлағына тұрса да оның үні кеп.
Соған қарай ентелейді ел келіп,
Көкірегін майда қоңыр жел керіп.
Жаудыраған қара көздер ішінде,
Жалғыз ғана ақын тұрды тербеліп...
Ел сүйсінер, ел сиынар әрдайым
Болсыншы деп тек осынау жандайын,
Шапанының етегімен-
қариялар,
Сипап жатты баласының маңдайын.
Қасиетті көрді-ау, қайран ата-мекенім,
Ақын киген ақ шапанның етегін.
Күн астында арғымақпын ұшты жыр,
Сонда білдім құдіреттің не екенін...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу