Өлеңдер ✍️

  22.06.2022
  156


Автор: Сағи Жиенбаев

ҚАЛАМ

Арысын күткен арудай
Ақынын қанша күтті өлең,
Жана алмай қалған жалындай,
Басталып барып, бітпеген.
Секілді гүлдің сағағы,
Сарғайып қағаз шөлдеген.
Бітпеген жырды қаламы
Күзетіп жатыр көлденең.
Деді де:
– Еркім өзіңде,
Ар жағын өзің ойлап тап...
Ақты ғой, сорлы, кезінде
Астында дауыл ойнақтап.
Тербеліп-толқып үніне,
Тұрды ғой жүрек тұсында.
Тұрды ғой сонда дүние,
Дірілдеп соның ұшында.
Ойнап еді ақын қолында
От болып ол да, кезермей...
Сиясы кепкен оның да
Сарқылып қалған өзендей.
Күзетіп жатыр өлеңді,
Иесі қазір келердей,
Осынша неге бөгелді,
Ақыным қайда дегендей?!
Жер басып жүрсе жорғалап,
бітпес-ау адам арманы,
Қасірет екен,
сонда да,
Қаламның жетім қалғаны...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу