Өлеңдер ✍️

  22.06.2022
  151


Автор: Сағи Жиенбаев

ТОЛҚЫН МЕН ҚЫЗ

Қызықтап судың дірілін,
Жанарын қадап кірбіңсіз.
Тарқатып тастап бұрымын,
Жағада жас қыз тұрды үнсіз.
Толқындар жүрді сылқылдап,
Елігіп ерке ойнына...
Су шашып,
қызды сиқырлап,
Шақырды бір кез қойнына.
Айырылды сұлу еркінен,
Айдынға қарап жымиып...
Толқындар
бойы дертіген
Әкетті дереу үйіріп.
Әкетті жалғыз аулаққа
Саусағын сүйіп,
сүйрелеп,
Жайылған шашқа аунақтап,
Жалаңаш төске үймелеп.
Осы ма қыздың тілері,
Ыза ма мұндай ойнына,
Өбісіп өзі-ақ,
Білегін
Асады толқын мойнына.
Бәлкім бұл албырт құмары,
Елітіп бір кеткен шақ болар, –
Астында көкшіл мұнардың
Алысып, ойнап жатты олар...
Айқасар ма еді әлде де,
Жарқылдап көздің ұшқыны.
Басты ма желін бал дене,
Тарқады ма енді ыстығы.
Ендігі шайқас–әуредей,
Жалт беріп кенет құс аппақ,
Қалтырап нәзік сәуледей,
Құлады құмды құшақтап...
Мәз болып, қызды жеңгендей
Толқындар шықты тасқа ойнап...
Толқынды жаңа көргендей
Қарайды тағы жас бейбақ.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу