Өлеңдер ✍️

  22.06.2022
  177


Автор: Сағи Жиенбаев

Ұяң едім...

Ұяң едім,
Мен қазір батылмын,
Теңізбенен бірге тұрып жатырмын.
Теңізде де жүрегі бар адамның,
Теңізде де мінезі бар ақынның.
Сүйеді ол ақын құсап,
Ер құсап,
Көңілі түссе, ағыл-тегіл...
Кең құшақ.
Ол да мендей алақызба, албырттау,
Ол да мендей...
Сұлуларға сенгіш-ақ.
Жыры да албырт,
Күйі барлық арманды,
Жалпағынан бассам дейді жалғанды.
Ұшсам дейді –
Көз жетпейтін биікке.
Құшсам дейді –
Қол жетпейтін тауларды.
Құмарлық бар тұңғиық бір жанарда,
От болады,
Бұлт болады табанда.
Тұра салып,
Алды-артына қарамай,
Толқындары жүгіреді адамға.
Ерсі көрме оның ерке қылығын,
Жүрегіне үңіліп көр, сұлуым.
Көк теңіздің құшағына бір кірсең,
Қиын болар –
Қайта айналып шығуың...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу