Өлеңдер ✍️

  22.06.2022
  160


Автор: Сағи Жиенбаев

ОРАМАЛ

Өткіздім елде көп күнді,
Ауасын қырдың сімірдім.
Көгалдан ұшқан көк бумен,
Қосылып бірге жүгірдім.
Ертіп ап бала-досымды,
Аунадым аппақ жал-құмға.
Жарысып екі із жосылды,
Желбіреп жатқан шалғында.
Елеңдеп бала киіктей,
Сағымға сүңгіп, белге өрлеп.
Қарадық жақпар биіктен
Кеудені мақпал жел кеулеп.
Төбеде–тұнық көк аспан,
Төменде–көкшіл Жем-серік,
Ортада–гүлін жаңа ашқан
Тал құсап тұрдық теңселіп.
Күн сонау мөлдір көгінен,
Өзенге келіп шомылып...
Ойнайды қырдың желімен,
Толқынға кенет көміліп.
Жүргендей жаны жай тауып,
Кеудесін тосып тасқынға...
Барады құстар шайқалып,
Ақ шарбы бұлттың астында.
Көктемнің әнін сызылтып
Келеді көкте көл сәні.
Бейне бір
қыздың тізіліп,
Мойнына таққан моншағы.
Ұмтылып алға, құсты құс,
Жетектеп келе жатқандай.
Ағады кейде үшбұрыш–
Алыстан ұшқан хаттардай.
Әкеле ме екен шат хабар
Сағынып күткен адырға...
Ән айтып бара жатты олар,
Аспанның арғы жағында.
Қызығып құстың жолына
Балауса көңіл желпініп,
Қарадық ұзақ соңынан
Жанарда құйттай көл тұнып.
Соларды көріп,
менің де
Келеді бір көкте самғағым.
Сездім мен алғаш–
өмірде,
Осындай ынтық ән барын.
Жалт етіп өтті арман-құс,
Қанаты күнге шағылып.
Қайырылмай кеткен әнге алыс
Қарадық үнсіз аңырып.
Қайталап соны жел-жібек
Тербетті гүлдің бүршігін...
Досымның көзі елжіреп,
Ағытты маған бір сырын.


 




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу