Өлеңдер ✍️

  22.06.2022
  331


Автор: Сағи Жиенбаев

СУРЕТШІ

Ағылып жатқан көп халық
Бірі ұшып,
бірі жаңа кеп...
Атырау жақты бетке алып,
Ұшқалы тұрды самолет.
Тұрған-ды маған жақындау
Сыпайы ғана жас жігіт,
Сыпайы ғана,
затын да
Жібекпен буған тас қылып.
Кезекші кенет бүлінді:
– Жігітім, не тұр қағазда,
Түгі де кетпес,
бұныңды
Өткізу керек багажға.
Жолаушы біткен
легімен
Іркіліп қалды жиналып...
Бозарып кетті өңі де
Не істерін білмей қиналып.
Жүзіне қарап әркімнің,
Абыржып қалды шынымен:
– Суретші ем...
Туған ауылымның
Бейнесін ала шығып ем.
Салып ем –
Талай жыл жүріп...
Секілді қазір бөбегім,
Тастай ма біреу бүлдіріп
Бірге алып жүрсем, деп – едім...
Аспан мен жердің арасын
Келеді шарлап құс аппақ.
Өзінің
туған даласын
Жас жігіт отыр құшақтап.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу