Өлеңдер ✍️
БҰЛБҰЛ
Тірлікте мынау қым-қуыт
Пенденің ісі бітер ме?
Көшеде жүріп, бір жігіт
Кірді кеп ашық дүкенге.
Қарады байқап жан-жағын,
Дүкеннің іші – құс кілең,–
Жап-жасыл құйттай талдардың
Жорғалап жүрген үстімен.
Жағалай – темір тор менен
Көгілдір – жасыл шынылар...
Өмірде бұрын көрмеген
Торғайдың неше түрі бар.
Елеңдеп әрбір дыбысқа,
Жүр еді жігіт алақтап,
Біреулер тұрды бұрышта
Бұлбұлды сырттай мадақтап.
Шырқайтын кезі болды ма,
Сезді ме әлде бұларды,
Бұтаққа қонып алды да,
Бастады бұлбұл бір әнді.
Салды-ай кеп сиқыр әуенге,
Кім білер сырын бұл әннің.
Бұлбұлдан басқа әлемде,
Бұл әннің жайын ұғар кім?!
Сазымен соның әнінің
Қосылды бәрі біріндеп.
Шырқады сосын
беріліп
Денесі түгел дірілдеп...
Сайрады-ау, байғұс жанымен,
Сол жерде бәрін төккендей.
Өзі де бір сәт әнімен,
Ауаға сіңіп кеткендей...
Тағдырын солай жыр қылды,
Тамсантып жұртты үніне...
Сол жолы жігіт бұлбұлды
Әкелді сатып үйіне.
...Әр күні жылдай,
арада,
Ақырын жылжып ай да өткен.
Әнші құс ылғи далаға,
Отырды қарап әйнектен.
Бейтаныс, бөгде біреудің
Торына түссе де именбей,
Алғашқы күнде бірер күн,
Сайрады бақта жүргендей.
Содан соң –
алыс армандай
Айрылды саздан біртіндеп.
Қуыс боп қана қалғандай
Көмейдің тұсы бүлкілдеп.
Іздейді көңіл сыңарын,
Елестеп көзге тау іші...
Төңкеріп көңіл бұлағын,
Сырттағы құстың дауысы.
Тымырсық үйдің ауасы,
Тарылта түсті кеудесін,
Табылмады әннің дауасы,
Өзі де білді келмесін.
Не керек тірі болғанмен,
Қор болды сөйтіп қайран құс...
Бұлбұлды сатып алғанмен,
Сатылмай кетті-ау, ән байғұс.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter