Өлеңдер ✍️
Өлеңдер ✍️
20.06.2022
130
Ұяңдығың – тым әсем.....
Ұяңдығың – тым әсем,
Ақпалаған,
Сені көрсем –
бір сәтке шаттана алам.
Кірпігіңді қағып қап,
көз тоқтатсаң,
Аумайсың ғой
Ақтоқты,
Ақбаладан.
Тым ерекше керімсің,
қылықтысың,
Көріп, байқап тұрады
тұнықты ішім.
Жүрек құлап өзіңе
Ынтығады,
Көңіл арсыз: көркіңе құнықты шын.
Барасың ғой асыл тас, лағылданып,
Сая тауып бір жерді
дамылдалық.
Мені іздейтін секілді көрінесің,
Екеу ара
бір шапан жамылмадық.
Мен де, жаным,
Сезімге тұншығамын,
Жүрегіңе жетпей ме
Мұңшыл әнім?
Құшағыңды айқара
Ашшы маған,
Таусылып-ақ барады
тым шыдамым,
Көкейдегі,
Көгілдір үкілім ең,
Қалай шығам тағдырдың
Үкімінен?
...Мені көрсе кететін атқалақтап,
Жүрегіңнің айналдым лүпілінен...
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter