Әңгімелер ✍️
ҚҰРБЫЛАР
Жас та сұлу əйел Айша медицина институты жанындағы стоматологиялық емханананың тiс емдейтiн кабинетiне қайта кiрдi. Көптен қызмет iстейтiн адамның өзiн еркiн ұстайтын əдетiмен, əрi қазiргi ашулы қалпына сəйкес есiктi жұлқып ашып, қатты жапқан.
Əлдекiм жанына тиiп, содан тұнжыраған қабағын мұндағы жұртқа бiрден танытқысы келiп, шаңқ-шұңқ сөйледi...
– Қарашы мұны! Екi бiрдей кезекте iстеймiн дейдi. Оған екiншi кезекте iстеудi бiреу зорлап, таңып бергендей-ақ! Ендi
келiп, үзiлiс боп қалды, шаршадым деп, түстен кейiн келсiн дейдi. Өйтiп, шаршап-шалдығып, шамасы келмейтiн болса, екiншi кезекте жұмыс iстеуге келiсiм берiп несi бар?
Биiк терезелер алдында қаз-қатар қойылған орындықтардың бiрiнде аурудың шалқая ашқан аузына үңiлiп жатқан сол Айша қатарлас дəрiгер Сыбан Молдахметұлы оның жүзiне бiр бұрылып қарады да, сəл аңырап, жұмысын одан əрi жалғастыра бердi. Айша жаңа ғана өзiнiң бiр туысқанын осында ертiп келген. Сыбан Молдахметұлы оның ауырған тiсiн қарап, жұлдыру керек деген. Бұл тек емдеу кабинетi болғандықтан Айшаны тiс жұлатын дəрiгерге өзi жiберiп едi. Бетi қайтып, ренжiп отырғаны сол əрiптесiнiң əлегi.
Мұндай үлкен ұжымда лаулап жанбай, шаладай сөнетiн бiреудiң бiреуге деген қырыс қабағы, көзден тасада адамды сырттан осқылайтын қамшы сөздердiң бола беретiнiн Сыбан Молдахметұлы жақсы бiлетiн. Сонда да Айшаның қазiргi күйiн танып, оған өз тарапынан қандай көмек керек екенiн қоса ойланған. Бұл алдындағы ауруды қарап болғанша, Айша тоқталмай ағытылды-ақ.
– Егер жалғыз басты, немесе бала-шағасы көп бiреу болса бiр сəрi. Күйеуi екеуiнiң ортасындағы жалғыз бала. Сөйтiп жүрiп, екiншi кезекке жабыспаса қайтер едi. Мен бəрiн бiлемiн. Бас дəрiгердiң аузын алып жүрiп, қолы жеттi оның екiншi кезекке. Өткен сенбiде Ғалияның базардан қаз, қолдан сойылған қойдың етiн алып жатқанын өз көзiммен көрдiм. Мен жолығып қалғанда:
«Қонақ шақырмақшы едiм»,– деп сызылып едi. «Қонағың кiм?»– деп сұрасам, «Ауылда тұратын адамдар»,– деп, менi басқа жаққа бұра салды. «Айтқаныңа болайын»,– деп iшiмнен мырс еттiм де қойдым. Қазбалап қайтем ондай тiсiнен сыр шығармас пəленi. Ауылдан қонақ шақырмай-ақ тап соның ертеңiне бас дəрiгер Ғалияның үй жағынан таксимен келе жатты. Ғалияның үйiнен шықпағанда қайдан шықты дейсiң? Қаланың ол жақ шетiнде бас дəрiгер қыдыратындай жер жоқ. Басқа уақытта олай қарай барғанын көрген емеспiн.
Айшаның сөзiн Сыбан Молдахметұлының қасындағы сары шашты сестра да тыңдап тұрған. Ол да жап-жас келiншек, əрi бiр қарағанға сыр сақтайтын əдептi жан.
– Ғалияның үйi қай жақта едi?– деп сұрады.
Айша түтiге оған қарамастан сөзiнен жаңылған адамша сəл бөгелiп қалды.
– Орбитада тұрады,– деп жауап бердi де, бiрден қарқын ала алмай ары қарай ойын əрең жалғастырды.– Сол жақтан өткен жексенбi күнi бас дəрiгер таксимен соқтырып келе жатыр. Қасында жайындай болып, буы бұрқырап ханымы отыр. Бiреудiң берген тамағын кiм аясын. Əбден мiселерiнен асып, бөгiп қайтқаны көрiнiп тұр. Менiң көзiмнен ештеме қақас қалмайды. Сөйтiп, барын алдына салып жүрiп алады бұл Ғалия екiншi кезектi, онымен қоймай шаршадым-шалдықтым деп менменсидi. Бiр адамның тiсiн жұла салуға шамасы келмей қалды деймiсiң, тамағы тоқ, сүйенiшi мықты болғасын шалқайғаны емес пе?
Бұл кезде Сыбан Молдахметұлы да алдындағы ауруды қарап болып, ол кеткесiн дəлiзде кезекте тұрғандарды бiрден қабылдай қоймай Айшаның бабын қалай табуды əлi де толғап отыр едi.
Сары шашты сестра сыр мiнез адам болғасын ол да еркiн сөйлейтiн:
– Сыбан Молдахметұлы, өзiңiз-ақ жұла салмайсыз ба? Тiс жұлу деген сiзден қалған өнер едi ғой.
Сыбан Молдахметұлы осыны өзi де ойлап отырса керек.
«Керек аспаптарым бар ма»,– дегендей күн сəулесi шақырайған үлкен терезе алдындағы столды бiр барлап алды да:
– Жақсы, жаңағы кiсiң қайда? Осында тұр ма? Келсiн кəне, өзiм-ақ тындырайын,– дедi.
Сыбан Молдахметұлының келiсiмiне Айшаның пəлендей қуанған реңкi болған жоқ. Жай бұрылды да, бұлардың ойынша сыртта күтiп қалған туысқанын қайта ертiп келуге шығып кеттi.
Əдетте əр ауруды тиiстi кабинетте қарау тəртiбi мүлтiксiз сақталғанымен өз адамдарына келгенде ондай шеңберден сəл ауытқып шыға беру бұлардың дағдысында бар-тын. Сыбан Молдахметұлы орнынан тұрды да, терезе алдындағы столда күмiстей жылтыраған аспаптарды аударыстыра бастады. Есiктiң ашылған дыбысы мен сыңқ еткен күлкiге жалт қарады. Бұл – Айша едi. Ендi қараса жаңағы Айша жоқ.
Қайта қайтқанда ол керемет мəз-мейрам екен. Жаңа ғана бозарған жүзi ендi кешкi күн шұғыласының шашырандысындай қызарып, қатты қысылып, əрi қуанғандай, iштен булығып шыққан күлкiден денесiн де ұстай алатын емес:
– Ғалия ақыры оның тiсiн жұлыпты!– дегендi күлкiден тыйыла алмай əрең айтты. Ғалияны манадан берi сырттан ғайбаттаған сөздерiмен ұялтып, жеңсiкке жеткендей-ақ масаттанғаны секiлдi. Ғалия Айшаға көңiлдес құрбы ретiнде жұмыс көптiгiн шағым ете: «Үзiлiс те боп қапты-ау, бұл екi кезек дегеннiң өзi
шаршатады екен»,– деген жай сырластық сөзiн айтқаны үшiн оның басқа кабинетке барып, қаншама дауыл соқтырғанынан мүлдем бейхабар едi. Ол екi ортада Айша əкелген адамның тiсiн жұлып та үлгерген.
Сыбан Молдахметұлы əлi де ештемеге мəн бермей қайта орнына отырды да сестраға:
– Кiрсiн,– деп, кезекте тұрған аурулардың бiрiн шақыруға нұсқады. Сестра есiктi аша берiп, өзi керi шегiнiп кеттi. Бас дəрiгер қарсы ұшырасқан едi. Ақ халатты үлкен мосқал адам түрегелген Сыбан Молдахметұлына, сестраға қарап, сосын Айшаға көбiрек үңiлдi.
– Айша, сен осында ма едiң, халiң қалай? Мен сенi жаңа кабинетiңе iздеп барып едiм.
– Менiң бiр туысқаным кеп қалып. Тiсiн жұлдыру керек екен. Ауылдағы жұрт дəрiгер болсаң болды бəрi қолыңнан келедi деп есептейдi ғой, əйтеуiр. Тiсiмдi жұлып бер деп, жата жабысқасын алдымен Сыбан Молдахметұлына көрсетiп алайын деп ем.
– Ə, солай ма? Осы сен демалысқа шықпақ едiң ғой.
– Иə, шығайын деп едiм. Келесi дүйсенбiден бастап.
– Ендеше, өтiнiшiңе қол қойдырып ал. Маған Мəскеуге барып қайтуға жол түсiп тұр.– Осыны айтты да бұрылып кете бермекшi едi, əлдене есiне түскендей қайта бөгелдi.– Осы бiз жылына бiр келетiн демалысқа аңсарымыз ауады да жүредi. Бəрiн соған жүктеп, күнделiктi, тiптi апта сайынғы демалысымызға көп мəн бермеймiз. Бiздi де дəрiгер дейдi-ау. Алматының төңiрегi тұнып тұрған жасыл бақ. Қоңыр салқын самалы қандай əсiресе. Мен өзiме саяжай сатып алып, сол таза ауаның қызығын көрсем деп едiм. Мынау «Орбитаның» ар жағында бiр саяжай сатылады екен. Өткен жексенбiде жеңгеңдi ертiп барып, иесiмен келiсiп қайттық. Жеңгеңе де қатты ұнады. Амандық болса сатып алатын түрiмiз бар.
Мосқал дəрiгер тағы бiрдеме деп дабырлады да, шығып кеттi. Айша құлағы шуылдап соңғы сөздерiн естiмедi. Сары шашты сестраның ащы мысқылмен қараған көздерi өңменiнен өттi.
Кезекте тұрған аурулардың бiрi кiрiп, орындыққа жайғасып, Сыбан Молдахметұлы оның ауру тiсiн шұқып қалғанда «а» деген жаман дыбысы шықты. Айша оған қызғанышпен қарады. Мұның қазiргi жан жарасы Сыбан Молдахметұлы апандай ашқан аузын темiрмен үңгiп жатқан осы ауру адамның халiнен əлдеқайда қиын едi. Мұның орнына тiсi қақсаса, дүниедегi бар қорлықтан қорған боларлық нағыз жан рақатына айналатындай.
Сары шашты сестраға тағы көзi түстi. Ол ендi жанарындағы уытын мұның дəл жүрегiне бағыттапты. Апырай, мынау бас дəрiгерге жаңағы сөзiмдi айтып баруы да мүмкiн-ау. Айша əлденеден iштей қысылып-ақ отыр. Басқа кабинеттегi Ғалия өз құрбысының өтiнiшiн орындағанына бiр қарыздан құтылғандай жеңiл отырса, мұны зiл қара тас болып қорқыныш басты.
1970 жыл.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter