Өлеңдер ✍️
Өлеңдер ✍️
19.06.2022
161
Әйелдер-ай, тіршіліктің дәмі едің...
Әйелдер-ай, тіршіліктің дәмі едің,
Тапқышсың ғой біздің бойдан және мін.
Сыңқып сөйлеп, сылқ-сылқ күліп сезімді,
Қытықтайтын тағы да бар әлегің.
Ашуың бар ақыл-есті апшыған,
Кем соқпайсың жын ойнаған бақсыдан.
Ынтықтырған талайларды,
Табанда,
Айрыласың бойыңдағы жақсыдан.
«Сусынысың» шаршағанда әкімнің,
Беріктігі жоғалады дәтіңнің.
Алданасың ақша көрсең баладай,
Осалдығы аз болып па қатынның?
Әйелдер-ай, әдемісің, паңсыңдар,
Кейде – ақымақ, кейде – қатал хансыңдар.
Бірде желсіз боратсаңдар, ал бірде –
Алтын сандық, сыр сақтайтын жансыңдар.
Әйелдер-ай, тіршіліктің дәмі едің,
Періштең көп, ұшырасар жәлебің.
Құпияңды аша алмадым,
Аша алмай,
Кетем сірә, әйелдердің әлемін.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter