Өлеңдер ✍️
Өлеңдер ✍️
19.06.2022
103
Сарыөзек алғаш түсінен шошып оянған...
Сарыөзек алғаш түсінен шошып оянған,
Қалмады тұқым сол күнгі тірі қояннан.
Білмеді қарттар адамның ісі екенін,
Сипады бетін: «Жар бола гөр, – деп, – ой, Аллам!».
Бар еді бір шал мінезі қиқар, қарғанды:
– Сындырып кете жаздады мына ит арбамды! –
Шошынып үріккен оқыстан шыққан зор үнге,
Қақ басқа салды қамшымен тарпаң тарланды.
Тумыстан үркек, ұрғанға көнбес жалтаңдап,
Гүрс еткен сәтте құлады талай шал – қаңбақ.
Аптапта небір таңдайға тілі жабысып,
Жаяулап жетті қойларын айдап салпаңдап.
Дүрбелең бұл күн, Жер-Ана нағыз: наркоман,
Сәбиі қазір нашасын шекті партадан.
...Борбайдың еті борша боп қайтқан шақтарда,
Жазғырып жүрді тарланын тарпаң қарт адам.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter