Өлеңдер ✍️

  15.06.2022
  102


Автор: Сұраған Рахметұлы

Мен құдайға...

Мен құдайға,
Құдай маған қажет Шын...
Бұл ойымды құлжа ойнаған
тасқа айттым.
Ғұмырымның күзі келді,
жазы өтті.
Самайымды сал уақыт
қасқайтты.
Қасқа басқа бақ қонбаған
ақ үрпек.
Себебі сол, бақтың бәрі
ақ сағым...
Ағыл жырың,
тегіл үнің тағы үркек,
Қақпасына жасырынған
жақшаның.
Түсінісу тұшымдырақ
кереңмен,
Керең тірлік кесірліктен
адалдау.
Кендір сөзден кең салауат
терем деп
Керемет бір, керемет кір
табам дау.
Жолға тастап кебенек пен
кебінді,
Басқа әлемнің сілеміне
адасам.
Жан дауысы жаһан кезді
тегімнің,
Кірпігімнің бір талшығын
қадасам.
Мен құдайға, құдай маған
керек пе?
Бұл Ес үшін күнәлімін
сізге Мен.
Ғұмырымның әр таңбасы
серекте,
Мың қанша жыл
іздеген.
Бір тал шаштың кір салмағын
Күшеніп:
Көтереді көк желкеден
мысқал Үн.
Күтеді ол қабағынан
қыс өріп
Менің қызыл шыбынымның
ұшқанын




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу