file loc phone login_m arrow_left arrow_right author ca cat compl coms del down fav fav_del fav_m fav_m_del fb gp left like login mail od reply right search sort sort_down sort_m sort_up tw up view vk ya

  Өлеңдер ✍️

  14.06.2022
  147


Автор: Кәкімбек Салықов

ҰЛТТЫҚ ҮМІТ

(Асқар Егеубаевқа)
Жырға орасам жақсыны өңім кірер,
Орайлы сөз қыз-шабыт төгілдірер.
Ақындар көп, сыншы да, ғалымдар да,
Некен-саяқ Асқардай өнімділер.
Халқым сүйген қадірлі қаламгерім,
Жақындығым – ақындық саған менің.
Елден шалғай жүргенде есендікті
«Жезкиікпен» жеткізген ағаң едім.
Жарқыратса шырағын жалын күнің,
Таңғалдырды ғұлама ғалымдығың.
Айды аспанға шығарып, тартып тұрсың
Елу деген ақбоз ат жалын бүгін.
Ерен-ғайып еңбегің, өтімдісің,
Тапты өтеуін ақжолтай нөпір күшің.
Терең толғап, Абайша сөз зерлеген
Ахмет аға інісі секілдісің.
Көп түгендеп, көтердің ауырымды,
Даңғазасыз дарыттың дабыл үнді.
Таным тіні, түркілер нағыз тілі,
Түптен тарттың ежелгі дәуірімді.
Талай жылдар тер төгіп әлектенсе,
Ғасырлардан түзілттің дәйектеме.
Қырық тармақ ұлт-ұлыс ұлағатын
Еларалық сыйғыздың әдепке де.
Іңкәр зәмзәм ұмтылсаң құбырына,
Түсті қырда құландар құрығыңа.
Томағалы тұйықтан талмай өтіп,
Таңба орнаттың сөзтану ғылымына.
Көрсең бүгін өресін биік төрдің,
Том-том кітап – жоралғы жиып келдің.
Өз қалтаңа көк тиын түспесе де,
Бар байлықты ел-жұртқа үйіп бердің.
Жамбас та емес, бас та емес, ұтты жілік,
Сенен күткен ақталды ұлттық үміт.
Машрыққа «Манастай» мәшһүр болған
Тапты ежелгі топырағын «Құтты білік».
Баласағұн, Қашқари сені ортаға
Салып алып кіргізді кең ордаға.
«Аманатың» әкелді жыр гауһарын,
Желкен жайып, желбіреп жер ортада.
Іс тындырған үндемей жігіт дана,
Жымиясың Мұхтарша күліп қана.
Асқар шыңға, Асқарым, шарықтай бер
Бұйырғанды бұлтартпай іліп қана.
Екі келмес елудің сыры мәлім,
Мылтық оқтап аңға шық жылына бір.
Гүлжиһанның гүл бітсін құлағына,
Сопы болмай, солға да бұрыла біл.
Талма, Асқар, үйренген желуіңнен,
Тілек қосар дос-жаран сені білген.
Салтың берік, қарқының сарқылмасын,
Құттықтаймын шаңқай түс – елуіңмен!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу