file loc phone login_m arrow_left arrow_right author ca cat compl coms del down fav fav_del fav_m fav_m_del fb gp left like login mail od reply right search sort sort_down sort_m sort_up tw up view vk ya

  Өлеңдер ✍️

  14.06.2022
  186


Автор: Кәкімбек Салықов

БҰЛБҰЛДАРДЫҢ БҰЛБҰЛЫ

(Нұржамал Үсенбаеваға)
Әнші қандай!
Асқақ әуен, үн қандай!
Аққу қонып, айдын жайнап тұрғандай.
Баурап алды, елжіретті сұлу саз,
Бүкіл әлем ән базарын құрғандай.
Сайрап тұрды бұлбұлдардың бұлбұлы,
Алау шашқан ән гүлзарын құрды үні.
Шырқап салды, тік шырқады Нұржамал,
Деп тұрды жұрт: «Дүлдүлдердің дүлдүлі!»
Жұлдыздарға жетті әуені құз бойлап,
Желден озып, бұлт төсінде құрды ойнақ.
Тамылжытты, талмауратты, үзілтті,
Ән біткенде нұры жанды, жүзі ойнап.
Шексіз дауыс қол бұлғаған армандай,
Болды әншіні сан әуреге салғандай.
Көзі ойнады, өзі де бір шаттанды,
Шыңға жетіп әрең тірі қалғандай.
Ұшқыр мезет, құштар ырғақ үзіліп,
Кетер деп ем жан тылсымы үзіліп:
Ән тынғанда... құс жолындай көсіліп,
Әр жүректе үні қалды сызылып.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу